Құрметті депутаттар!
Коронавирус бойынша жарияланған пандемия өміріміздің барлық салаларына түзетулер енгізгенімен облыстық мәслихат депутаттарының қызметі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға негізделген өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағдарламалары мен жоспарларын орындауға бағытталды.
Есепті кезеңде Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты өз жұмысында
– Қазақстан Республикасының Конституциясын;
– Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» Заңын;
– облыстық мәслихаттың Регламентін;
– облыстық мәслихаттың 2020 жылға арналған жоспарын
басшылыққа алды.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес мәслихат сессиясы – мәслихат қызметінің негізгі нысаны болып табылады.
Шақырылым басталғаннан бері облыстық мәслихаттың 41 сессиясы өтті (19- кезекті, 22- кезектен тыс), күн тәртібіне енгізілген мәселелерді қарау қорытындылары бойынша 469 шешім қабылданды. 101 шешім әділет органында тіркелді. Тіркеуден бас тарту жағдайлары орын алған жоқ. Қабылданған шешімдердің мониторингі ұдайы жүргізіліп, ол бойынша тоқсан сайын және жарты жыл қорытындысы негізінде Әділет департаментіне есептер беріліп отырады.
Облыстық мәслихат депутаттары төрт тұрақты комиссия құрамында жұмыс атқарады. Тұрақты комиссиялардың 68 отырысында 102 қаулы қабылданды. Комиссияларда бақылауда
26 шешім болса, оның 8-нің орындалу барысы талқыланып, бақылаудан алынды, тағы 18 шешім бақылауда.
Өз сайлаушыларының мүдделерін қорғай отырып, облыстық мәслихат депутаттары облыстық бюджетті талқылау мен оны қабылдауға белсенді түрде ат салысады. 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қарау бойынша уақытша депутаттық жұмыс тобының отырысы өткізілді. Кезектен тыс сессияларда бюджетті нақтылау бойынша жобаларды қарау үшін 4 уақытша жұмыс комиссиясы құрылып, жұмыс атқарды.
Облыстық мәслихаттың сессияларында өңір үшін өзекті болып табылатын мәселелер қаралды. Облыстық бюджетті бекіту, оған түзетулер енгізу және оның орындалуына қатысты сұрақтардан басқа, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуы бойынша Катонқарағай ауданының әкімі мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы тыңдалды, бірқатар әкімшілік-аумақтық бірліктерді атау мен қайта атау бойынша шешімдер қабылданды, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарын дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді Жоспары бекітілді, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мәселесі талқыланды және т.т.
«Бизнестің Жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамыту Бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша мәселе де сессияда қаралды. Осы бағдарлама бойынша 2020 жылдың 9 айында 122 жаңа жоба бойынша жалпы несиелеу сомасы 10,7 млрд. болатын субсидиялау шарттарына қол қойылды. Субсидияланған жобалар бойынша облыс республика көлемінде екінші орында тұр. 2020 жылдың осы уақытында несие құны 7,1 млрд. болатын 136 жоба кепілдендірілді, кепіл сомасы 2493,3 млн. теңгені құрады. Жасалған кепілдер бойынша облыс республика көлемінде үшінші орында тұр. «Бизнестің Жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамыту
Бағдарламасының жүзеге асырыла бастаған уақыттан бастап (2010 жылдан) облыстың кәсіпкерлері 75,9 млрд. теңге көлемінде салық төлеп, 1 876,0 млрд. теңгенің өнімін шығарды, 5 мыңнан астам жұмыс орындарын ашты.
Облыстық мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес саессияда облыс әкімінің өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауы бойынша есебі тыңдалды. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес облыстық мәслихаттың Шығыс Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясымен өзара әрекеттесуі жүзеге асырылады. «Жергілікті атқарушы органның 2019 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы есебі» мәселесін қарау барысында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясы төрағасының жергілікті атқарушы органның есебіне тұжырымдамасы тыңдалды. Облыстық мәслихат депутаттары жыл сайын тексеру комиссиясына комиссияның жұмыс жоспарына енгізу үшін мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауға жататын нысандар бойынша өз ұсыныстарын жолдайды. Бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері ШҚО бойынша Тексеру комиссиясының кәсіпорындар мен меморгандарда жүргізген аудит қорытындылары туралы үнемі хабардар етіліп отырады.
Адам мен оның өмірі кез-келген мемлекеттің басты байлығы болып табылатындықтан биылғы жылдың басым міндеті Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау болып отыр және бола береді. Барлық күш коронавирустық инфекциямен күреске бағытталды. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының басшылығымен инфекциялық бөлімдерде 1811 орын, провизорлық стационарларда 2048 орын, барлық қалалар мен аудандардың ауруханаларында 2,5 мыңнан астам қарқынды терапия орындары дайындалды. Облыс орталығында екі ірі орталық, оңалту орталығы және «Ульба» әлеуметтік-медициналық орталығы, провизорлық орталықтар болып қайта жабдықталды. Емдеу мекемелерін өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттарымен, дәрілік
препараттармен, жеке қорғаныс заттарымен қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды.
Облыста енгізілген қатаң түрдегі шектеу шаралары өз нәтижесін беріп, осының арқасында көктем мен жаз айларының басында облысымызда жағдай тұрақты болды. Бүгінгі күнге облысымызда 8 мыңнан астам адам инфекциямен ауырды. Осындай күрделі кезеңде аурумен күреске дәрігерлер ғана емес,барлық бей-жай қарай алмайтын адамдар, соның ішінде, депутаттар да кірісті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды»- деп атап өтті.
Облыс әкімінің үстіміздегі жылдың 6 сәуірінде облыстық мәслихаттың сессиясында берген тапсырмаларына сәйкес барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсене ат салысты, жергілікті атқарушы органдарына шектеу шараларын енгізу мен оларды сақтау бойынша жәрдемдесті, аз қамтылған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетті. Облыстық мәслихат депутаттары түсіндіру жұмыстарымен 100 мыңнан астам адамды қамтыды, олардың ішінде оқушылар мен студент жастар, еңбек ұжымдарының мүшелері, өзін-өзі қамтушы тұрғындар және т.б. Түсіндіру жұмыстарын депутаттар әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдаланып та жүргізді. Пандемия салдарынан өмірінде қиын жағдайға ұшыраған тұрғындарға азық-түлікпен, қаржылай, дәрі-дәрмекпен көмек берілді, ауруханаларға арнап аппараттар сатылып алынды, т.т.
Волонтерлардың жұмысын қамтамасыз ету мен көліктер жұмысын қамтамасыз етуге ШҚО бойынша 25,7 млн. теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, барлық мәслихаттардың
депутаттары «Біз біргеміз» акциясын өткізуге белсене қатысты. Осы акция аясында 24 365 адам 229 млн 667 мың теңгенің азық-түлік себеті түріндегі материалдық көмегін алды. Соның ішінде, меценаттар, депутаттар (300-ден аса адам) тарапынан 110 млн. теңгенің азық-түлігі берілді. Депутаттар дәріханаларда қажетті медикаменттердің болуын және олардың бағаларын, сондай-ақ, азық-түлік дүкендеріндегі әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын тексеру бойынша мониторингілік топтардың құрамында жұмыс атқарды. Әкімдіктер, қоғамдық ұйым өкілдері, депутаттардың бірлескен жұмыстарының арқасында бірінші қажеттілікті тауарлардың бағаларының күрт өсуіне жол берілмеді.
Қазіргі күнде коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша жағдай біраз тұрақталды, дегенмен әр жерден аурудың таралуы байқалып қалады, сондықтан сол кәдімгі шектеу шараларын облыстың әр тұрғыны қатаң сақтауы қажет. Ресми ақпарат көздерінен көпшілік шаралар, той, отбасылық мейрамдар өткізу арқылы карантиндік шаралардың бұзылуы жайында бірнеше мәрте жазылды. Осындай жағдайда депутаттар бетперде кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және басқа да санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау бойынша сайлаушыларына өздері үлгі болуы қажет.
Облыстық мәслихат аппараты мәслихаттың және оның органдарының ұйымдастырушылық, құқықтық материалдық-техникалық қамтылуын қамтамасыз етеді. Мәслихат аппаратының қызметкерлері облыс әкімінің аппараты, облыстық басқармалармен, әділет департаментімен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Облыстық мәслихаттың барлық шаралары ашық түрде өтеді. Сессия жұмысына мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады. Шығыс Қазақстан облысы өкілді органының ресми сайты облыстық мәслихат депутаттарының қызметі туралы ақпараттандыруды жақсарту мақсатына бағытталған. Барлық ресми мәліметтер сайтта қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.
Президенттің Жолдауында айтылған міндетті түрде сессияларды онлайн-трансляциялау облыстық мәслихатта 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Қалалық, аудандық мәслихаттардың хатшыларына да техникалық мүмкіндіктеріне қарай осындай жұмысты ұйымдастыру қажет.
Құрметті депутаттар!
Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын әрі қарай дамыту қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты «мəслихаттарға өңірді дамыту жəне ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мəселелерді шешу үшін қол жинау жəне петиция жасау құзыретін беру» ұсынылды. Сондай-ақ Жолдауда Тексеру комиссияларын күшейту жөнінде де тапсырма берілді. Жауапты ведомствалар аталған функцияларды жүзеге асырудың тетіктерін жан-жақты әзірлеген соң, менің ойымша, депутаттар оларды орындауға кіріседі.
Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың күнделікті жұмысы облыс тұрғындарының қажеттіліктерін шешуге, олардың өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталған.
Біз алдағы уақытта да өз сайлаушыларымызбен тығыз байланыста және Президенттің жыл сайынғы Жолдауында алға қойған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттестікте жұмыс атқаратын боламыз.
Назарларыңызға рахмет.
Еш пікір жоқ »
Комментариев еще нет
Оставить комментарий